Немістің «Rentenbank» қаржыландыру бойынша тәжірибесін «Аграрлық несие корпорациясымен» бөліспек

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ базасында қаржы институттарын қорландыру тетіктерін жүзеге асыру жайы қарастырылған. Осыған орай Германияның ауыл шаруашылығы мен ауылдық аймақтарды дамыту саласындағы ең үздік қаржы институттарының бірі – «Rentenbank» ауыл шаруашылық ренталық банкі үлгі ретінде алынып отыр.
        «Rentenbank» 1949 жылдың 11 мамырында құрылған. Банк қызметін ауыл шаруашылығы Федералды министрлігі бақылайды және Федералды қаржы министрлігінің келісімімен шешімдерді қабылдайды. Бұл қаржы ұйымы Moody's Investors Service, Standard & Poor's, Fitch Ratings сияқты әлемдегі жетекші рейтинг агенттіктердің ең жоғары ұзақмерзімді рейтингтеріне ие (ААА).         
          «Rentenbank» тікелей несиелендірумен айналыспай, халықаралық капитал нарықтарынан қаражат тартып, қаржы институттарын қорландырады. Осы арқылы агроөнеркәсіптік кешендерді несиелендіру нарығында бәсекелестіктің туындауына жағдай жасайды. Аграрлық несие корпорациясы алдағы жылдары агроөнеркәсіптік кешендерін тікелей несиелендіруді доғарып, екінші деңгейлі банктерді, кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары мен лизинг компанияларын қорландыруды қолға алмақ. Осы орайда, Қазақстандағы агробизнесті кредиттеумен айналысатын Аграрлық несие корпорациясы үшін «Rentenbank» қаржы ұйымының көп жылдық тәжірибесі үлкен көмегін тигізері сөзсіз.  
2017 жылдың 15 маусымында Алматы қаласында семинар-кеңес өтеді. Оның барысында «Rentenbank» пен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арасындағы ынтымақтастық, мемлекеттік реттеу, коммерциялық банктермен қаржылық өзара қарым-қатынас мәселелері қаралмақ. Неміс сарапшысы қаржылық тәуекелдерді басқарудағы өз тәжірибесімен бөлісетін болады.  
         Шараны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Герман-Қазақстан аграрлық-саяси диалогы» жобасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.  
Шараға арнайы қонақ - «Rentenbank» ауыл шаруашылығын дамытуды қаржыландыру бөлімінің жетекшісі, сарапшы - Кристиан Бок (Christian Bock) шақырылды.
Семинар-кеңестің форматы ашық сараптамалық диалог және пікір алмасу түрінде өтеді. Оған шақырылған БАҚ өкілдері, блогерлер мен қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша талдау жүргізіп, өз ойларын білдіре алады.   
 


Back