Аграрлық сектордың әлеуеті
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстанның аграрлық секторы үлкен экспорттық мүмкіндіктерге және инновациялар енгізу үшін жоғары әлеуетке ие. Азық-түлікке деген қажеттілік әлемде жыл сайын өсе беретін болады. Бізге бұл мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Мемлекет ауыл шаруашылығына орасан көмек көрсетіп отыр» деп атап көрсеткен еді.
Мемлекеттің тікелей қолдауы арқасында және жүйелі жүргізілген өзгерістердің нәтижесінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы нарыққа бағытталып, ауылда нақты мүлік иесі пайда болды, ауыл тұрғындарының санасы өзгерді, нарық көзқарасына негізделген жаңа өндірістік қарым-қатынастар нығайды. Жалға беру және кепіл беру қарым-қатынасы, өңірлік жер нарықтарын қалыптастыру, жерлерді пайдалану көрсеткіштерін ескере отырып, жердің пайдаланылмағаны үшін санкциялар қолдану дами бастады. Қалыптасқан жағдай аграрлық саланың даму стратегиясын тұжырымдамалық түрде айқындауды талап етті. Оның негізгі бағыттары «Қазақстан-2030» даму стратегиясында анықталған болатын. 2030-стратегиясы шеңберінде ауыл шаруашылығы өндірісінің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық өсуді қамтамасыз ету, тиімді түрде іске асырылатын жалпы сипаттағы және арнайы мемлекеттік қолдау шараларын қолдану жолымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін тұрақты өндіру қарастырылатын ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту бағдарламасы әзірленді. Аталған бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығы нарығын мемлекеттік реттеуге қажетті заңнамалық база құрылды. Бүгінгі күні экономиканың аграрлық секторындағы қолданыстағы заңнамалық база толығымен нарықтық экономика талаптарына, халықаралық тәжірибе нормаларына сәйкес келеді, ең алдымен тауар өндірушілердің кәсіпкерлік ықыласын қорғауға және қолдауға бағытталған. Экономикадағы өзгерістер агробизнестің тиімді құрылымын жасақтаумен, агротехнология деңгейін жоғарылатумен, ауыл шаруашылғы өндірісін маркетингтік стратегияға көшірумен, ішкі нарықта импортты ауыстырумен, жақын және алыс шет елдермен экспортты жандандырумен тығыз бірлікте қарастырылатын аграрлық саланың жаңа сапалы деңгейіне өтуді талап етті. Енді осы айтылғандарға нақты мысалдар келтірелік. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сапалы жоғарғы өнімді тұқымға қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өсімдіктердің бірегей тұқым өндірісіне субсидия берілді, тауар өндірушілер сатып алған элиталық тұқым, атап айтқанда жеміс-жидек дақылдары мен жүзім көшетінің құны арзандатылды. Сонымен қатар, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көп жылдық көшеттерін отырғызу шығындары өтелді және жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көп жылдық көшеттерінің отырғызылған аналықтарының аяқталмаған өндірісіне қызмет көрсету жүргізілді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен себілген тұқымның сорттық және егу сапасы тексерілді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортты алмастыру мақсатында мемлекет тарапынан көкөніс шаруашылығы, жеміс және жүзім шаруашылықтары салаларын одан әрі дамыту бойынша нақты шаралар қабылдануда. Мәселен, Қазақстан, Беларусь, Ресей арасында Кеден Одағын құру бойынша атқарылған жұмыстар шеңберінде көшпелі мерзімнің ішінде жылыжай конструкциялары мен жылыжайлар жабдықтарына қолданыстағы тарифтерді қолдану туралы келісімге қол жеткізілді, ол тарифтер бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелерінен ерекшеленеді: 2010 жылдан 2012 жылға дейін кедендік баж салықтарының нөлдік мөлшерлемелері қолданылатын болады, 2013 жылдан бастап 20%-ға дейін ұлғайтылады. Қарқынды жеміс-көкөніс шаруашылығын даму үшін Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары ең тиімді болып табылады. Аталған 4 облыста қарқынды технологияларды енгізудің есептік алаңы 43,2 мың гектар. Өнімділік көрсеткіштерінің ұлғаюы арқасында технологияларды кең көлемді енгізу жеміс-көкөніс өнімдерінің өндірісін 540 мың тоннаға ұлғайтуға және импорттың орнын алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдарының қаражаты есебінен жылыжай кешендерін салу жөніндегі жобалар іске асырылуда, сондай-ақ жылыжай жабдықтарын лизингке беру іске асырылуда. Жыл сайын «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 10 гектарға жуық көлемде жылыжай кешендерін және шағын жылыжайлар салу жоспарланып отыр. Экономика (Алматы), № 8 (233), 23.02.2012 |
| © Барлық құқықтары қорғалған 2010-2011 «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ |
|
