Web Content Display

Көктемгі-егіс және жинау жұмыстарын қаржыландыру шарттары

 

«ҚазАгроҚаржы» АҚ: беларустық ауыл шаруашылығы техникасының лизингі барынша тиімді бола түсуде

Қазақстандық аграршылар үшін беларустық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын лизингке сатып алу барынша тиімді бола түсуде.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ қолданыстағы – «Беларуста жасалған» бағдарламасы шеңберінде Беларусь Республикасының Үкіметі Беларуста өндірілген ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтың қаржы лизингі шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтейді. Лизингтік төлемдердің өтемақы мөлшері Қазақстан Республикасында белгіленген қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2/3 бөлігін құрайды.
2017 жылғы 1 сәуірден бастап ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің мөлшері 11,0% құрайтын базалық мөлшерлеменің мәніне теңестірілгенін ескеретін болсақ, қазақстандық аграршылар үшін Беларусь Республикасы Үкіметінің субсидиялауы 7,33% құрайтын болады. Бұрын өтемақысы 3,67 % құраған.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңынан бастап, «ҚазАгроҚаржы» АҚ сыйақы мөлшерлемесін жылдық 19%-дан 17,3% дейін төмендеткен. Сөйтіп, «Беларуста жасалған» бағдарламасы бойынша тұтынушылар үшін түпкілікті мөлшерлеме шамамен 10% құрайтын болады. Бұл ретте, қазақстандық субсидияны алу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
«Беларуста жасалған» бағдарламасы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ құрылымындағы компания - «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен Беларусь Республикасы Үкіметі арасында жасалған шарттың шеңберінде іске қосылған. Лизинг мерзімі бес жылдан аспайды. Лизинг бойынша сыйақы мен негізгі борыш тоқсан сайынғы негізде төленеді.


Егістік және жинау жұмыстарына қалай несие алуға болады? «ҚазАгроның» кеңесі 

1.Егін егу және жинау жұмыстарын жүргізуді мемлекеттік қолдау туралы.

Ауылдық жерлердегі басты аграрлық жұмыстарда шаруаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл – жыл сайын жасалатын, әрі қалыптасқан үрдіс. 2017 жылы бұл мақсаттарға «ҚазАгро» құрылымдары арқылы 60 млрд теңге бағытталып отыр. Биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасының операторы болып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (Корпорация) бекітілді.    
Мемлекеттік қолдаудың арқасында кредиттер арзандатылып отыр. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі және оның еншілес ұйымдары тұрақты түрде кредит мөлшерлемесін оңтайландыру бағытында жұмыс жасап келеді. Биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстарына берілетін пайыздық мөлшерлеме айтарлықтай төмендетілген.
Қазіргі таңда шаруалар тікелей Корпорациядан бұрынғы 5 пайыздық кредиттің орнына 2 пайыздық заемды ала алады. Ал егер несие екінші деңгейлі банк арқылы берілетін болса, соңғы қарыз алушы үшін кредиттеу мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Өйткені банкке қойылған мөлшерлеме 3,7 пайыздан 2 пайызға дейін қысқартылды. Егер қаржыландыру кредиттік серіктестік немесе микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асырылатын болса, соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 6%-дан аспайтын болады. Бұл жағдайда да кредиттік серіктестік пен микроқаржы ұйымдары үшін кредиттеу мөлшерлемесі 5 пайыздан 3 пайызға дейін төмендетілді.
«ҚазАгро» Холдингі бюджет қаражатынан бөлек, отандық шаруашылықтар мен агроқұрылымдарды қолдауда өзге қаржыландыру көздерін де тартпақ. Мысалы, 2016 жылғы егін егу мен жинау науқандарына Холдинг бюджеттік кредиттерді қоса алғанда - 114,9 млрд теңге, ал 2015 жылы – 101,3 млрд теңгені бағыттаған.  

2. Көктемгі егіс жұмыстарына берілетін кредиттерді қайдан және қандай шарттармен алуға болады?  

Фермер көктемгі егіс жұмыстарына берілетін кредиттерді екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен тікелей Корпорациядан ала алады. Сондай-ақ несиелерді екінші деңгейлі банктерден, кредиттік серіктестіктерден, микроқаржы ұйымдарынан да алуға болады. Өйткені бұл қаржы институттарын Корпорация қорландырып отыр.    
Корпорациядан несие алу үшін шаруалар тұрғылықты тұрып немесе жұмыс істеп жүрген жерлердегі 13 аймақтық филиалдың біріне, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан орталық кеңсеге келіп, мына құжаттарды ұсынуы тиіс:
-қаржыландыруға өтініш;
-шаруа және фермерлік қожалықтар, жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар несие алуға қажетті құжаттардың тізімін Корпорацияның сайтынан, мына сілтемеден жүктей алады: http://www.kazagro.kz/web/acc/spring-field-harvest.

Екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарынан заем алу үшін жоғарыда аталған қаржы ұйымдарының тұрғылықты тұрып немесе жұмыс істеп жатқан мекен жайлары бойынша филиалдарына өтініш беру керек.
Корпорациямен жұмыс жасайтын екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарының тізімін http://www.kazagro.kz/web/acc сайтынан немесе 8-8000-80-00-08, 8 (7172) 55-99-64, 55-99-65 телефондарына хабарласып білуге болады.
 
3. Бюджеттік кредитті кімдер ала алады? Және үміткерлер қандай талаптарға сай болуы тиіс?

Бюджеттік кредитті заңды (соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтері) және жеке тұлғалар (шаруа қожалықтары, фермерлік қожалықтар, жеке кәсіпкерлер), кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер ала алады. Несие көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толтыру, сондай-ақ кейіннен өсімдік шаруашылығы өнімін сатып алу арқылы шаруаларды қаржыландыру мақсатында беріледі.

Қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптар:
-төлем қабілеттілігі және қаржылай тұрақтылығы;
-банктер мен өзге қаржы институттары алдындағы мерзімі өткен берешегінің болмауы;
-кепілге қойылатын мүліктің болуы;
-қызметін жүзеге асыру барысында, бірақ дақылдар тұрғысынан 3 жылдан аспайтын уақыт аралығында егілген нақты көлемдер мен өнімділігі туралы мәліметтерді растайтын құжаттар;
-егістік жерлердің бар екенін растайтын құжаттардың болуы, оның ішінде бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша.

4. 2017 жылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландырудың жаңа ережелері қабылданды. Олардың ерекшелігі неде?

Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, биыл несиелеу барысында басымдыққа ие болатын бірқатар ауыл шаруашылығы дақылдарын белгіледі. Олар: бірінші кезекте, майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр, соя), арпа, қант қызылшасы, күріш, астыққа арналған жүгері, мақта, сұлы және картоп.  Басымдыққа ие дақылдарға бөлінетін 22 миллиард теңгенің сомасы 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін сақталады. Бұдан соң, қалған ақша шаруалардан түскен өтініштер бойынша үлестіріледі. Егер бұл қарастырылған қаражат толықтай игерілмесе, қалған ақша барлық дақылдарға, соның ішінде басымдыққа ие дақылдарға да берілетін болады.     
Бұған қоса, егіс жұмыстарының мерзімі шектеулі екенін ескерсек, несиелердің қолжетімділігін арттыру және мүдделі шаруалардың ауқымын ұлғайту мақсатында Корпорация өзге қаржы институттарын тартты. Яғни тікелей бюджеттен кредит алған Корпорация көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін қорландыру арқылы екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарын жұмылдырып отыр.  

5. Астық өндірушілері бюджеттік кредитті ала алады ма?

Қазақстанның астық өндірушілері де бюджеттік кредитті ала алады. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік бюджеттен бөлінген 60 млрд теңгенің  22 миллиарды 1 сәуірге дейін басымдыққа ие дақылдар үшін сақталады. Қалған 38 миллиард теңге өзге дақылдарға, соның ішінде бидай дақылдарына да үлестіріледі. 1 сәуірден соң 22 млрд теңге резервтен алынып, игерілмеген қаржы болса ерекшелігі мен басымдықтарға қарамай барлық дақылдарға  беріле бастайды.

6. Шағын фермерлік қожалықтар мен кредит алуға алғаш ниет танытқандар несиені қалай ала алады?

Шағын фермерлік қожалықтар мен кредит алуға алғаш ниет танытқандар да ірі агроқұрылымдар сияқты тікелей Корпорацияға, немесе кредиттік серіктестіктерге, микроқаржы ұйымдарына, екінші деңгейлі банктерге келіп өтініш қалдыра алады. Кәсіпорынның көлемі бойынша шектеулер немесе талаптар қойылмайды.
Алайда, жаңадан несие алушылар мен шағын қожалықтарға кредиттік серіктестіктерге өтініш беруге кеңес береміз. Өйткені кредиттік серіктестіктердегі несиелер – айналым капиталын толықтырудың оңай, әрі тез тәсілдердің бірі. Өтініштерді қараудың қысқа мерзімі, талап етілетін құжаттардың аздығы мен қолайлы кепіл саясаты бар кредиттік серіктестіктер – шағын шаруа қожалықтарының иелері мен кәсібін енді ғана дөңгелете бастағандар үшін өте қолайлы.    

7. Кепілге қояр мүлкі жеткіліксіз шаруаға не істеу керек?
 
 Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын кредиттеу бағдарламасының шарттарына сәйкес, кепілге аудандарда орналасқан жер телімдері, тұрғын үйлер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, мал, ауыл шаруашылығы техникасы алынады.
Егер кәсіпкердің кепілге қояр мүлкі жеткіліксіз болса, онда өтінішті кредиттік серіктестіктерге берген жөн. Бұл жағдайда кепілзат салушы ретінде оның туыстары немесе басқа үшінші тұлғалар қатыса алады.

«ҚазАгро» ұлттық холдингі ауылдағы егістік жұмыстарын қаржыландыруды бастады
                                                                                                
 «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 2017 жылғы егістік науқанын қаржыландырудың басталғаны туралы хабарлайды. Ағымдағы жылы көктемгі-егіс және жинау жұмыстарына Республикалық бюджеттен ҚазАгро холдингі құрылымы арқылы 60 млрд. теңге сомасындағы қысқа мерзімді қарыз берілді.
          Бюджеттік қаражаттардан басқа «ҚазАгро» ұлттық холдингі жылдың аграрлық шараларын басқа да қаржыландыру көздері есебінен қолдайды. Мысалы, 2016 жылы егістік және егін жинау науқанына Холдинг бюджеттік несиені есепке алып 114,9 млрд.теңге, 2015 жылы  -  101,3 млрд. теңге бағыттады.
       АШТӨ мемлекеттік қаржыландырумен көптеп қамтуға қол жеткізу үшін алғашқы кезекте қаржыландыру өткен жылдағы сияқты ауылшаруашылық кооперативтеріне берілетін болады.
      Бұдан басқа, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін жоғарылату және отандық қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында дақылдардың басымдықтарын есепке ала отырып, қаржыландыру механизмі енгізіледі, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігі  айқындаған дақылдар қатары бірінші кезектегі тәртіпте қаржыландырылады.  Әңгіме майлы (күнбағыс, рапс, зығыр, соя), арпа, қант қызылшасы, күріш, мақта, сұлы, картоп туралы болып отыр.
Көктемгі-егіс және жинау жұмыстарын жүргізуді несиелеу келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
        «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдық желісі арқылы банк кепілдігін беру арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілерін тікелей қаржыландыру;
•Кейіннен ауылшаруашылық кооперативтері мен ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру.
•Несие серіктестіктері, шағын қаржы ұйымдары және Өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржыландыру.
Бюджеттен тыс көздер есебінен қосымша көктемгі-егіс және жинау жұмыстарын жүргізу үшін ауылшаруашылық техникасын сатып алуды қаржыландыруға «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы шамамен 35 млрд теңге бағыттау жоспарланады.  

2017 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіру

        Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендірудің жаңартылған бағдарламасын таныстыру мақсатында 2017 жылдың 6 ақпанынан бастап еліміздің барлық аймақтарына көшпелі насихат топтары аттанады. Жаңартылған несие пайыздары мен қаржыландырудың шарттары туралы толық мағлұматты алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысының шаруалары алады. Таныстыру жұмыстарын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның басшылық құрамы мен филиал директорлары жүргізеді.
         2017 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 60 млрд. теңге бөлінді. Оның 40 млрд. теңгесін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ екінші деңгейлі банктер арқылы, ал 15 млрд. теңгені ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тікелей ұсынуды жоспарлап отыр. Қалған 5 млрд. теңге кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары мен аймақтық инвестициялық орталықтар арқылы үлестіріледі.
      «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі мен оның еншілес кәсіпорындары шаруаларды қаржыландыратын бағдарламалардың пайыздық мөлшерлемелерін оңтайландыру мақсатында әрдайым жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына берілетін пайыздық мөлшерлемелер төмендетілді.  
Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, несиелеу барысында басымдыққа ие болатын бірқатар ауыл шаруашылығы дақылдарын белгіледі. Олар: бірінші кезекте, егістік көлемі 407,7 мың гектардан кем болмайтын майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр, соя). Екінші дақыл - арпа, оның егістік көлемі 95 мың гектардан кем болмауы тиіс. Одан бөлек, басымдыққа ие дақылдардың тізімінде: қант қызылшасы, күріш, астыққа арналған жүгері, мақта, сұлы мен картоп бар.    

         Басымдыққа ие ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін жүзеге асады. Бұдан соң қаржыландыру қалған дақылдарға жүргізіле бастайды. Шаруалардан өтініштерді қабылдау басталды.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендірудің жаңартылған бағдарламасын таныстыру Қазақстанның барлық аймақтарында 2017 жылдың 20 ақпанына дейін жүргізіледі.

Ақмола облысына 2017 жылдың көктемгі-егіс жұмыстарына арналған алғашқы трактор жеткізілді
                                                                                                                                       
      Қазақстанда 2017 жылдың егін егу науқанына дайындықтың белсенді кезеңі басталды. Алдағы көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландырудың басталуы туралы «ҚазАгро» ұлттық холдингі мәлімдегеннен кейін-ақ, отандық аграршылар жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын ала бастады. Ақпан айының басында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы іске асырылатын «Шебер-лизинг» лизингтік бағдарламасы бойынша алғашқы «Кировец» тракторы жеткізілді. Сатып алынған техника Ақмола облысының Астрахан ауданындағы «КДК Агро»  ЖШС егіс алқабына жөнелтіледі.
       Шаруашылық басшысы Валерий Никишин оперативті түрде атқарылған жұмыс үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясына алғысын білдірді, себебі дер кезінде әрі сапалы жүргізілген агротехникалық іс-шаралар – мол өнімнің кепілі.
      Одан басқа, 2017 жылдың алдағы көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстары қарсаңында «ҚазАгро» ұлттық холдингінің құрылымындағы компания - «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі және кредит бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендету туралы жариялады.
Компанияда түсіндіргендей, қарыз алушыларға түсетін қаржылық жүктемені жеңілдету мақсатында, «ҚазАгроҚаржы» қаржыландыру мөлшерлемелерін жылдық 19%-дан 17,3% дейін төмендетті. Жаңа талаптар бойынша тиімді мөлшерлеме жылдық 17,7% басталады.
       Жаңа қаржыландыру талаптары ауыл шаруашылығы техникасының, арнаулы техника мен жабдықтың лизингісіне, арнайы бағдарламаларды іске асыруға және инвестициялық жобалардың кейбір бағыттарына қатысты қолданылады.
       Тағы да айта кетерлік жайт, «ҚазАгроҚаржы» техникаларды «Беларуста жасалған» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды одан әрі жалғастыруда, бұл бағдарлама бойынша Беларусь Республикасының Үкіметі мөлшерлеменің 3,6% өтейді. Аталмыш бағдарлама қазақстандық субсидияны алу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
«ҚазАгроҚаржы» бүгінгі таңда арнайы қаржыландыру бағдарламаларын іске асырады: өтінімдердің жеделдетіліп қаралуы көзделген «Эксперсс-лизинг» бағдарламасы, техниканы алғашқы лизингтік төлем төленерге дейін алу мүмкіндігін беретін «Егінжай» бағдарламасы, бұрын пайдалануда болған техниканың лизингі - «Қайталама лизинг» бағдарламасы, клиентке кредит желісі ашылып, соның шеңберінде жыл ішінде құжаттар пакеті қайтадан тапсырылмай, лизинг шарттары жасалуы мүмкін «Шебер-лизинг» бағдарламасы.
Компанияда айтып кеткендей, жаңа қаржыландыру талаптары бойынша Астана қаласында орналасқан Орталық аппаратқа немесе бүкіл Қазақстан бойынша филиалдары мен өкілдіктеріне өтініммен баруға болады.
        2016 жылы «ҚазАгроҚаржы» компаниясы республиканың аграрлық секторына жалпы сомасы 55,8 млрд. теңгеге 3 119 бірлік техниканы лизингке табыстады, оның ішінде отандық және шетелдік өндірістердің 464 бірлік комбайны, 962 бірлік тракторы, 56 бірлік егіс кешені, 104 тұқым сепкіші және 1 533 бірлік басқа техникалары.
Қаржыландыру бағдарламалары мен талаптары туралы толық ақпарат «ҚазАгроҚаржы» АҚ сайтындағы «Өнімдер» қосымша бетінде орналасқан (http://www.kaf.kz/products_company/products/financing-terms/).
       «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 2017 жылғы егістік науқанын қаржыландырудың басталғаны туралы хабарлайды. Ағымдағы жылы көктемгі-егіс және жинау жұмыстарына Республикалық бюджеттен ҚазАгро холдингі құрылымы арқылы 60 млрд. теңге сомасындағы қысқа мерзімді қарыз берілді. Бюджеттік қаражаттардан басқа «ҚазАгро» ұлттық холдингі жылдың аграрлық шараларын басқа да қаржыландыру көздері есебінен қолдайды.