Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту тәжірибесі

Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту жөніндегі тәжірибесі Қазақстанның өзге аймақтарына да енгізерлік ұсыныс. Себебі мұнда қосалқы үй шаруашылықтарымен айналысқан жандардың бірлеусінен құралған 171 өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативінің көпшілігі ет, сүт өндірісімен ғана емес оны терең өңдеу жағына бағытталған. 

Кооператив саны мен оның мүшелерінің қатарының көбеюіне бірінші кезекте Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының бағдарламалары себепші. Биыл мемлекеттік оператор Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту,  ауыл шаруашылық коопертивтерін дамыту секілді екі бірдей бағдарлама бойынша Ақтөбе облысы бойынша биыл 4 млрд теңге бөлген. 

ГҮЛЖАНАТ ЕРҒАЗИНА, "АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚОРЫ" АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- 78 ауылшаруашылық кооперативтен 619 жоба түсіп, қарждыландырылды. Осы жоба барысында кооперативтердің ең аз мүшесі 20 мүше болып табылады. Әрбір мүше орташа 4 млн теңге көлемінде несие алған. 

Ақтөбеліктердің өзге өңірден өзгешелігі мұнымен бітпейді. Облыста ешкі өсіру, ара балын дайындау, бөдене баптау секілді дәстүрлі емес шаруа көздері жандана түскен. Бұған дейін, Шаруаның бұл түрлері Ақтөбе аймағы үшін мүлде жат болатын. 

Әсіресе ешкі өсірумен шұғылданатын ұсақ шаруашылықтар кооперацияның қызығын көре бастады.  Солардың бірі әрі бірегейі "Шекшек ата" ауылшаруашылығы кооперативі. Бұл кооперативтің басты ерекшелігі - ешкі сүтінен түрлі өнімдер дайындайды.  Ақтөбелік брендке айналып үлгерген ешкі сүтінен дайындалатын "Қуат" қымызы - осы шаруашылықтың өнімі.

АМАНТАЙ ҮМБЕТАЙ, "ШЕКШЕК АТА" АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Кооператив 17 адамнан құрылды. Кооперацияның тиімділігі - қызметкерлер өз өнімнен пайда көру арқылы айлық алады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің бір тиімділігі осы. 

Қазір мұнда 200-ге жуық ешкі бар. Басым бөлігі асыл тұқымды. Оларды Ресейден, Қазақстанның өзге аймақтарынан әкеледі. Күтімі қарапайым. Азығы 100 пайыз жем-шөптен тұрады. Ешқандай дәрумендер мен қоспалар жоқ. Мал азығы да кооперативтің өзінде дайындалады. Барлық істі кооператив мүшелері бірігіп атқарады. Айтуларынша кооперативтің арқасында жұмыс та, табыс көзі де табылып отыр. 

МЕЙРАМБЕК ОРАЗОВ, "ШЕКШЕК АТА" АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ МҮШЕСІ:

- Сол цехте сүтті өзіміз өңдейміз. Аз уақытта сауда орындарына өнімдерімізді өткізіп, нарыққа шығарып отырмыз. 

Ешкілерді ұрықтандыру табиғи түрде жүреді. Өсімділігі жоғары. Әр ешкі егізден төлдесе, орта есеппен жылына екі есеге өседі деген болжам бар. Күніне екі мәрте сауады. Сауын процесі толығымен автоматтандырылған. Күніне 120 литрге дейін сүт алады. Бір дегенде 8 ешкіні саууға мүмкіндік бар. Сауылған өнім контейнерге құйылып, тазартудан өтеді. Ауыл шаруашылығн қаржылай қолдау қорының демеуміен 12 млн теңгеге өңдеу цехінің құрал жабдығын алған.

КЕНЖЕТАЙ ТІЛЕУМАҒАМБЕТОВ, "ШЕКШЕК АТА" АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ МҮШЕСІ: 

- Қорға алғысымыз шексіз. 7 жылға небары алты пайызбен алдық. 2 жыл жеңілдік мерзімі бар. Бұл біз үшін үлкен қолдау.   

Ешкі сүтін өңдейтін цеxте сүттен айран, қымыз, қаймақ, ірімшік, сүзбе дайындалады. Әзірге сүт тек сұйық күйінде өндіріледі. Құты сыртындағы қаптамаларды да өздері шығарады. Өнімдер құтыға құйылған соң салқындатылған бөлмеде сақталады. Қазір өндіріс орнында 10 шақты жергілікті тұрғынға жұмыс орны ашылған. 

АМАНТАЙ ҮМБЕТАЙ, "ШЕКШЕК АТА" АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Болашақта жоспарымыз - күніне 1 тонна сүт өндіру. Ешкі сүті балаларға ана сүтінің есебінде беріледі. Косметологияға да пайдаланады.

Осылайша бір жыл бұрын ғана құрылған кооператив мемлекеттік қаржы операторының қолдауымен сүт өндірісі мен оны өңдеуді жақсы жолға қойған. Болашақта ешкі етін өңдеу, бұқтырылған ет өндіруді жолға қою жоспарда бар. Және бұл жобаны да Шекшек ата кооперативі сенімді әріптесіне айналған Ауыл шаруашылығн қаржылай қолдау қорымен бірлесіп жүзеге асыруға үмітті.

"Хабар" телеарнасы, "Ас арқау" бағдарламасы

http://khabar.kz/kz/muragat-as-arkau/item/95264-as-ar-au-ty-ajt-ysh-a-beriletin-subsidiya-majly-da-yl-eshki-s-tinen-ymyz-dajyndajtyn-kooperativ  


Back