Көркейсе ауыл, кооперациямен көркейеді

Елбасының жергілікті атқарушы биліктің алдына қойып отырған талабы  – халықты жұмыспен қамту. Әсіресе, ауыл тұрғындарының екі қолға бір күрек табуына жете мән беру керек. Қазіргі таңда ауылдарда ірі өндірістік кооперативтер құру арқылы бұл мәселені шешуге болады.  Сондай-ақ аталмыш құрылымдар  ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып, сапасын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берері анық.

Экономиканың жаңа драйвері

— Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деп, агроөнеркәсіп кешені саласының алдына нақты алты міндет қойып отыр. Соның бірі — бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылығы мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау. Облыста бұл бағытта тиісті іс-шаралар алынып жатыр. ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы заңына сәйкес өңірімізде жаңадан ауыл шаруашылығы коопертивтерін құру және қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Соның аясында Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерде кооперацияны енгізу және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану шараларын жүзеге асыру туралы берген тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен оқыту семинарлары өткізілді. Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудан-дық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Сонымен қатар министрлік, өкілетті құрылым өкілдері өңіріміздің барлық ауданында кооперация негіздері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Облысымызда қазіргі таңда 165 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. Оның біреуі ғана өсімдік шаруашылығымен айналысса, қалғаны мал шаруашылығы бағытында. Атакәсіпке ден қойғандардың алтауы сүт өндірісін дамытуға, 64-і мал бордақылауға, қалғаны тұқымдық түрлендіруге мән беріп отыр.

Өткен жылы кооперативтерге 398 млн. теңге демеуқаржы төленді. Соның ішінде мал шаруашылығы бойынша 342 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы бойынша 3 млн. теңге, инвестициялық салымдардың шығынын өтеу бағдарламасы бойынша техника, жаңбырлатып суару жабдығы, көкөніс қоймасы құрылысы шығындарына 53 млн. теңге берілді.

Биыл облыс бойынша тұқымдық түрлендіруге 142,8 мың аналық мал басын қатыстыру жоспарланып отыр. Оларға 2,4 мың бас асыл тұқымды бұқа қажет. Бүгінгі таңда аталық малдың жартысынан астамы алынды. Үстіміздегі жылы сондай-ақ 5349 асыл тұқымды малды сатып алу да жоспарда бар, — дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында Үкімет тарапынан облысымызға бірқатар міндеттер жүктеліп отыр. Солардың ішінде 18 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін (АӨК) құру, 14326 бас бұқашық, 2355 бас аналық мал, 4 рефрижератор,  1 сүт тасымалдайтын көлік алу, 3 сүт қабылдау пунктін, 15 мал сою пунктін құру, 10 мал сою пунктін жабдықтау бар. Белгіленген мерзімі – биылғы 1 сәуірден 30 желтоқсанға дейін. Бұл тапсырмалардың алды орындалып жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде 40 АӨК жұмысын бастады. 5 мыңға жуық бұқашық, 200 бастай аналық мал шаруашылықтарға жеткізілді. Бір сүт қабылдау пункті ашылса, қалған екеуі маусым-шілде айларында жұмысын бастауы керек. Мал сою пунктінің үшеуі іске қосылды. Қаржы мәселесі шешілген соң, яғни бюджеттік несиелер АӨК-пен, оның мүшелерінің қолына тиген бойда қалған жоспарлар да орындалмақшы. Жалпы, аталмыш жобалар іске асқанда, өңірімізде 300 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жеңілдетілген несиенің пайдасы көп

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберіндегі жоғарыда атап өткен жобаларды іске асыру үшін өңіріміздегі шаруаларға 1,5 млрд. теңгедей бюджеттік несие керек. Осы бағдарламаны қаржыландыру бойынша оператор болып табылатын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан облысымызға тиісті қаржы артығымен бөлінген.

— Облысымыздағы агроөнім өндірушілерді жеңілдетілген несие ресурстарымен қамтамасыз ету үшін биыл 3,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл сома былтырғымен салыстырғанда үш есеге жуық көп. Соның 2 млрд. теңгесі АӨК-ке бағытталмақшы. Жыл басынан бері несие алуға ниет білдіргендерден жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгені құрайтын өтінімдер түсті, соның 800 млн. теңгесі берілді. Бұл бағыттағы несиелендіру шарасы біздің қордың екі түрлі бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Алғашқысы — «Береке» бағдарламасы. Төмен пайызбен несие алып, мал бордақылау арқылы кәсібін өрістететіндердің қатарын көбейтуді мақсат тұтқан бағдарламаның ауыл тұрғындары үшін тиімді тұсы көп. Кооператив мүшесі болып табылатын кәсіп иелері бюджеттік несие алулары үшін ауылдардағы, тіпті бұрынғы кеңшар бөлімшелері болған елді мекендердегі үйлерді кепілге қоя алады. Қазір несие мерзімі ұзартылды. Бұрын 4,5 жыл болса, енді 6,5 жылға дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Несиені тоғыз айдан кейін өтей бастайды. Алынған қаржыға бордақылау үшін сатып алынатын бір мал басы 170 мың теңге деп есептеледі. Егер 4 млн. теңге несие берілсе, оған 20 ірі қара малы, қалған қаржысына жем-шөп алынады деп құжат толтырылады. Осы тұста екпін түсіріп айта кетер жайт, бұл жерде жауапкершілік кооперативке емес, оның мүшесі ретінде тіркелген ауыл тұрғынының өзіне жүктеледі. 

Несиені ешқандай бережағы жоқ, несиелік тарихы жақсы жандар ала алады. «Ынтымақ» деп аталатын екінші бағдарламамыз АӨК-терді дамытуға бағытталған. Бұл бағдарлама шеңберінде берілетін несиеге кооперативтер ет, сүт, көкөніс-жидек өнімдерін өндіруге қажетті жаңа техника немесе құрал-жабдық сатып алуы тиіс. Әзірге біз ет және сүт бағытын қаржыландырудамыз. Облысымызда 40 АӨК болса, соның жартысы бізге өз өтінімдерін жолдады. Қазіргі таңда алтауының өтінімі қолдау тапты. Мәселен, Зеленовтағы «Николай и К», Қазталовтағы «Жалпақтал» АӨК-тері модульді мал сою пунктін, Тасқала ауданындағы «Тасқала-ет» барлық құрал-жабдықпен жабдықталған рефрижератор алуға ниетті. Ал Дариян ауылындағы «Батыс сүт», Теректі ауданындағы «Адал», «Достық» АӨК-тері модульді сүт қабылдау пунктін орнатуды жоспарлап отыр. Бұлар біздің «алғашқы қарлығаштарымыз». Ертең олардың жұмыстарының нәтижелерін көргеннен кейін өзгелер де тартылады деп ойлаймыз, — дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының директоры Арыстан Арсланбаев.

Айта кетейік, облысымыз бойынша модульді мал сою және сүт қабылдау пункттерін жеткізуші операторлар анықталды. Мал сою пунктін жеткізуді өз міндетіне алған «Академ строй» ЖК Орынбордың «Холод» деген фирмасымен келісімшартқа отырып, бұл бағыттағы жұмысын бастады.

Ал «Каверина» ЖК сүт қабылдау пункттеріне жауапты. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалы мамандарының сөзіне қарағанда, ет және сүт өнімдерін өндіру құрал-жабдықтарын алуға АӨК тарапынан ешқандай қаржы шықпайды. Мысалы, орта есеппен бір модульді мал сою пунктінің құны 19 млн. теңге тұрса, оның елу пайызын мемлекет демеуқаржыландырады. Қалғанына аталмыш қаржы ұйымы несие береді және оған кепілзат ретінде осы модульді пунктті алады. Бұл да кооператив үшін тиімді.

АӨК-ке бірігудің тиімділігі көп

Жоғарыда айтып өткеніміздей, облысымызда жыл соңына дейін 15 мал сою пункті құрылуы керек. Қазір тек Ақжайық, Сырым, Шыңғырлау аудандарында жасақталды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының бөлім басшысы Азамат Ахметовтің айтуынша, көп кешікпей мұндай пункттер барлық ауданда ашылады. Мәселен, «Атамекен-Бисен» АӨК Бөкей ордасының Бисен ауылында, «Бөрлі-ет» кооперативі Ақсайда, «Жаңақала-ет» — Жаңақалада, «Құдай назар» — Қазталовтың Жалпақталында, «Қаратөбе — 2017» — Қаратөбеде, «Тасқала-ет» — Тасқалада, «Қабылтөбе» — Теректі ауданының орталығында ашылмақшы. Ал Жәнібек пен Зеленов аудандарының жергілікті атқарушы билік құрылымдары бірден екі мал сою пунктін ашу бағытында жұмыстануда. Мысалы үшін «Жәнібек-Өрлеу» АӨК Жәнібек ауданы орталығында пункт жасақтаса, «Мерхат» Талов ауылында салмақшы. Сол сияқты Зеленовтың Дариян («Батыс-ет» АӨК) және Көшім («Николай и К» АӨК) ауылдарында бой көтермекші.

— Бүгінгі таңда шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген ауыл тұрғыны үшін АӨК құрамына кіріп жұмыс істеу тиімді. Мысалы, малын сойғызу үшін арнайы пункттерге барғанына орай кооперативтерге мемлекеттен демеуқаржы төленеді. Шаруашылық құрылымдары жем-шөп алатын болса да, осындай жеңілдік қолданылады. Егер шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкер кооперативке кірмесе, мұндай жеңілдіктен сырт қалады. Күні кешеге дейін тұрғындардың бордақылауға мал алуына жете мән беріліп келсе, енді ол малын кооперативке тапсыруына көңіл бөлінуде. Себебі, ауылдағы ағайын бордақылаған малын қайда өткіземін деп қиналмауы керек. Ал кооперативтер өз кезегінде қажет құрал-жабдықпен жарақтанған мал сою пункттерін ашулары қажет. Етті тасымалдайтын рефрижератор алуы тиіс. Сөйтіп, кооперативтерді сервистік-дайындау және қайта өңдеуші ұйымдар ретінде дамыту мақсаты қойылып отыр. Болашақта олар өнімді өңдеу ісіне мамандандырылмақшы. Алдағы уақытта кооператив мүшелері мал бордақылаумен ғана айналысатын болады. Малдың азығын алу, бордақыланған малды өткізу сынды жұмыстармен кооператив айналысатын болады, — дейді Азамат Ахметов.

Сөздің шыны керек, ауылда кооперацияның мән-мағынасын жете түсінбей жүргендер әлі де бар. Теректі ауданындағы «Достық-Теректі» АӨК-тың құрылтайшысы Тұрсынбек Бақтығалиевтың сөзіне қарағанда, Покатилов ауылының тұрғындары арасында кооперативке бірігу дегенді бұрынғыша колхоз-совхозға қайта оралу деп ойлайтындар аз емес. «Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, облыс, аудан, ауыл басшыларымен бірге біз де кооперацияның кеңес заманында ұйымдастырылған шаруашылық құрылымдарына үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтып түсіндірудеміз, — дейді ол. — Ол заман басқа, қазір жаңа дәуір ғой. Тәуелсіз Қазақстанда жеке меншік институты қалыптасты, әркімнің жеке мал-мүлкі, бизнесі заңмен қорғалады. Одан бөлек кооперация туралы арнайы заң қабылданды. Кооперативке біріккенде әр шаруаның мал-мүлкі, жері, қора-жайы өз меншігінде қалады. АӨК құрудағы басты мақсат — заңды тұрғыда бірлесіп, мемлекеттің қолдауын алу. Мемлекет ондай қолдауды жеке адамға көрсете алмайды. Осындай түсінік жұмыстарының, шаруашылық бағытындағы ісі-міздің біртіндеп алға басуының арқасында ауылымыздың біраз тұрғыны бірігіп жұмыс істеуге ниет білдіруде. Мұны өзгелер де көріп, ойланып жүргендері анық. Бүгінгі таңда мемлекеттің ұсынып отырған тиімді жолы көп кешікпей өз жемісін береріне сенімдіміз».

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,«Орал өңірі»

http://oraloniri.kz/?p=14213

Сурет: http://turbina.ru


Back