Бәйдібектің ауа-райы инвесторларды қызықтырып отыр

Бәйдібек ауданында Елбасының 100 нақты қадам Ұлт Жоспары ойдағыдай атқарылып келеді. Нақтырақ айтқанда кәсіпкерлік саласы қанат жайып келе жатқан өңірде бүгінде 3 425 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері нақты жұмыс жасайды. Мұндағы кәсіпкерлер мен шаруалар әсіресе Үкімет тарапынан үнемі көрсетіліп отыратын қолдауға риза. 

Мамандардың айтуынша, биылғы жарты жылдықта шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Бәйдібек несие» КС» ЖШС-і, «Максимум»АИО» ЖШС-і, «Ырыс» ШНҰ» ЖШС-і және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 88 жобаға 418,5 млн. теңге несие беріліп, 118 жұмыс орны ашылыпты. 

Сондай-ақ Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы ауқымында бірнеше ірі жобалар қолға алынып, жұмыстар  атқарылуда. 

Индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды жүзеге асырушы кәсіпкерлік құрылымдар мен инвесторлардың қызығушылығын арттыру мақсатында Боралдай ауылдық округі Жыланды елді мекенінен бөлінген 60 га жер теліміне индустриялды аймақтың құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 326,6 млн теңге). 

Аудан аумағында жел және күн электр станциясын салуға бірнеше жобалар қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, «Жүзімдік ветро паркі» ЖШС-іне Жамбыл ауылдық округінен 700 га жер телімі жел электр қуатын өндіретін станса салу үшін ұзақ мерзімге (20 жыл) жалға берілген. Және де Біріккен Араб Әмірлігінің инвесторы «Эмпереал Ренюбл Энерджи Казахстан» ЖШС-не Жамбыл ауылдық округінен 230 га жер телімі күн электр қуатын өндіру кешені құрылысын жүргізу үшін қысқа мерзімге (2 жыл) жалға берілген. 

Жел және күн электр станциясын салуға ауданның ауа-райы өте қолайлы екенін айта кетейік. Сондықтан болар, бүгінде аудан инвесторлардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр.

http://www.oinet.kz/news/kogam/i5895

Сурет: http://ontustik.gov.kz


Back