«Бастау бизнес» жобасымен он сиыр алды

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы ырғыздықтардың кәсіп ашуына өз септігін тигізіп отыр. Осы жобаға қатысып, мал шаруашылығын қолға алған азаматтың бірі — Саламат Кенжеғұлов.

«Бастау бизнес» жобасына қатысқанға дейін Саламат ауылда жұмыссыз жүрді. Жалданып әр жерде еңбек етті. Балық аулады, таксист болды. Тұрақты жұмыс болмаған соң табыс та жүйелі болмады. Ойлана келе, «Бастау бизнес» жобасына қатысып көруді жөн санады. Оқу барысында кәсіпкерліктің барлық қыр-сырын меңгерді. Өзінің бастағалы жүрген кәсібі бойынша бизнес-жоспар құруды үйренді. Оқуды аяқтаған соң сертификат пен біржолғы төленетін шәкіртақысын алды. Нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы екі миллион теңге несие алып, 10 сиыр сатып алды. Жемшөпті де осы қаржыға сатып алды.

— Ауылдағы табыстың көзі — мал шаруашылығы. Бірақ бұл кәсіппен айналысқысы келетін жастар сирек. Мал өсіріп отырған азаматтардың көпшілігі бұрын мал баққан, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен үлкен кісілер. Жобаға қатысқан кезде бірден  мал шаруашылығын қолға алуды ойладым. Сол бойынша, мамандардың кеңесін алдым. Несие алудан да қорыққан жоқпын. Бір қуантарлығы, несие аз пайызбен беріледі және төлеу мерзімі кәсіпті жаңа бастаған адамдар үшін өте қолайлы. Жылына екі рет несие қарызын төлеймін. Жалпы жеке кәсіп бастауды жоспарлап жүргендерге «Бастау бизнес» мектебін оқып шығуды ұсынамын. Ең бастысы — білім алу. Тағы бір айта кетер жайт, жоба шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқыту тегін, — дейді Саламат Кенжеғұлов.

Саламат 10 сиырды ауыл тұрғындарынан сатып алыпты. Бұйырса, малдың басын көбейтіп, үлкен шаруашылыққа айналдыруды көздейді. Қазір сиырларды келіншегі екеуі күтіп, бағады. Өзі қолы бос кезде аудан орталығының ішінде көлігімен таксист болып, адам тасиды. Бос отырмайды.

Ауылда «жұмыс жоқ» деп, мал баққысы келмейтін кейбір жастарға Саламаттың ісі — үлгі.

Кәмшат ҚОПАЕВА, "Ақтөбе" газеті

http://www.aktobegazeti.kz/?p=62976


Back