Ағайын тату болса ат көп...

23 сәуір күні Жаңақала ауданының орталығында тағыда бір халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысан ашылды. 

1 - мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі қарсаңында ашылған «Ағайын» дәмханасы және радио такси қызмет көрсету орталығының салтанатты ашылуына аудан әкімі Н.Қарағойшин, аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Саматов және аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме басшылары, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты. 

Орталықтың ашылуында алғашқы болып сөз алған аудан басшысы кәсіпкерлік нысанды ашып отырған Сапаровтар әулетін құттықтап, бастап жатырған істеріне сәттілік тілесе, Сапаровтар әулетінің үлкені, еңбек ардагері Ф.Сапаров інілерінің бірлігіне алғысын айтып, жүрекжарды тілегін жеткізді. Ал аталмыш дәмхананың иесі С.Сапаров дәмхана және радио такси қызмет көрсету орталығын ашуға қолдау білдірген аудан әкімшілігіне және көмек қолын созған барша ағайын-туғандарына алғысын білдіре отырып, ел үшін аянбай еңбек етіп, халыққа сапалы қызмет көрсететіндігіне уәде етті. 

Құттықтау сөздерінен соң жаңа ғимараттың лентасы қиылып, ағайындардың ауызбірлігіне қызыға да, қызғана қараған жұртшылық жаңа ғимараттың ішін тамашалап, ақтан ауыз тиді. 

Сапаров Серікқали Әбілғазыұлы 2014 жылы өзінің аға-інілерімен бірлесе отырып «Серік» ЖК ашқан. Сол жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін жалға алған ғимартта қоғамдық тамақтандыру және жолаушылар тасымалы бағытында халыққа сапалы қызмет көрсетіп келді. 

Ағайынды Сапаровтар өз кәсіптерін кеңейту мақсатында 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» бағдарламасымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 9,0 млн. теңге несие рәсімдеген. Осы қаржыны мақсатты жұмсай отырып, дәмхана ғимаратының құрылыс жұмысын жүргізіп, ішін қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтаған. 

Қазіргі таңда «Ағайын» дәмханасы қоғамдық тамақтандырумен қатар, радио такси қызметін көрсететін орталық болып ашылып, ауданымыздың халыққа қызмет көрсету саласын дамытуға атсалыспақ. 

- Біз осымен тоқтап қалмай, заман ағымына ілесе отырып, өз кәсібімізді дамытып, одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Алла сәтін салса, болашақта дәмхана жанындағы бос орыннан автокөлік жуу, техникалық көлік жөндеу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз,- дейді дәмхана қожайыны С.Сапаров. 

Н.ҒАББАС, "Жаңарған өңір"

https://www.facebook.com/zhanarganonir/posts/2039544226264171


Back