Суды бұрын көлден тасушы едік

Асқар Хұсайыновтың мемлекеттік бағдарламадан көрген игілігінің бірі мал суаратын осы ұңғыма. Су 100 метр тереңдіктен шығады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 5 млн теңге несие алып, биыл жазда қаздырды. Оның 1 млн 600 мың теңгесін субсидия ретінде мемлекет қайтарып берді. 

Мұның сыртында 10 млн теңгеге жаңа трактор сатып алды. Соның 2 млн теңгесін тағы мемлекет төлейді. 

АСҚАР ХҰСАЙЫНОВ, Қостанай облысы Меңдіқара ауданы: 

- Мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен 10 жылдан бері іскерлік байланыстамын десе болады. Сондықтан олардың жұмысымен жақсы таныспын. Қор арқылы несие алу біз үшін аса тиімді. Үстемесі алты пайыз ғана. Өтеу мерзімі – жарты жылда бір рет. Яғни алған несиеңді кәдеге жаратып, пайдасын көріп барып қайтара бастауға мүмкіндік береді.  

Меңдіқара ауданы Каменорал ауылының тұрғыны Асқар Хұсайыновтың осы кәсіппен айналыса бастағанына 20 жылға жуықтады. Алғашында қорадағы қарасының саны 10-ға да жетпейтін. 2010-шы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 70 асыл тұқымды сиыр сатып алды. Қазір малының саны 200-ден асады. 

Мамандардың айтуынша қордан несие алып төрт түлік өсірушілердің қатары жылы өткен сайын көбейіп келеді. Осы мақсатқа мемлекеттен бөлінетін қаржы да бірнеше есе өскен. 

МАРАТ САЛЫҚБАЕВ, «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚОРЫ» АҚ ҚОСТАНАЙ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

- 2015-ші жылы біз бастағанда 800 млн теңге ғана бөлініп еді. Қазір 2,5 млдр теңгеге жетіп отыр. Яғни төрт есе көбейді. Қайтару жағынан проблема жоқ. Ақшаны қайтармау деген мәселе ешқашан туындаған емес. 

Биыл Қостанай облысына бөлінген 2 жарым млрд теңгенің 250 млн-ы қалалық кәсіпкерлерге берілсе, қалған көп бөлігі ауылдықтарға бұйырыпты. 

 

Сырбойылық Батырхан Қойшыбаев та Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының шарапатын көріп отыр. Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылының тұрғыны былтырдан бастап ата кәсіпке бет бұрған. 

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген аталы сөз бар. Міне, осы тәмсілді ұстанған Батырхан Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қолдауымен бүгінде қорасын малға толтырды.  

БАТЫРХАН ҚОЙШЫБАЕВ, Қызылорда облысы Шиелі ауданы: 

- Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 5,8 млн алып, 182 бас қой алдық. Содан жаман емес, биыл 141 қозы ерді. Енді осыны көбейтіп, асыл тұқымды қылсақ дейміз. Менде қаракөл қой ғой. Соны асыл тұқымды қылсақ, жан-жаққа етін өткізсек деп жатырмыз.

Малдың бабын таба білген шаруа бір жылға жетпейтін мерзімде қойдың санын 300-ден асырып, кәсібінің алғашқы нәсібін көре бастады. Ал алдағы көктемде ұсақ мал тағы төлдеп, саны еселеп өспек. Сондықтан, кәсіпкер келер жылы қой етін нарыққа шығармақ ниетте. Мұнымен қоса еңбекққор азамат «Молшылық» шаруа қожалығын құрып, келешекте мемлекеттік бағдарламаның көмегімен сиыр мен жылқы сатып алуды жоспарлап отыр.

Жалпы Батырхан Қойшыбаев секілді жыл басынан бері өңірде 857 адам Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының арқасында кәсібін бастап немесе шаруасын кеңейтуге мол мүмкіндік алды. Оның үстіне, қордан жеңілдетілген несие алудың шарттары оңтайландырылып, ең бастысы құжат бастылық азайды. 

МҰХТАР ӘЛІМХАНҰЛЫ, «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚОРЫ» АҚ ҚЫЗЫЛОРДА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Жыл басынан бері 3 млрд 311 млн теңге несие берілді. Оның 654 млн 500 мыңы 21 мың бас қой алуға бағытталды. Және 122 млн 500 212 бас асыл тұқымды ірі қара мал алуға берілді.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілдері бизнес жоспарын құрып, кәсіппен айналысамын деген қала мен ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беруге әркез әзір екендіктерін айтады.

https://qazaqstan.tv/videos/120246

 

 


Back