ЖАЛПАҚТАЛДА ЖАҢА МАЛ СОЮ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Жалпақтал ауылында модульді мал сою алаңы ашылды. 

«Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ ұсынған кепілсіз несие көмегімен үш ай ішінде тұрғызылған нысан – «Жалпақтал» АӨК мүшелеріне ғана емес, барша ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. 

Шыны керек, ауылда ашылған заманауи мал сою алаңының маңызы өте зор. Ауылда мал баққан шаруа енді бірлі-жарым малын саудалау үшін қалаға барып сандалып жүрмейді. Оның үстіне мал сою бекеті жанында болашақта – шұжық, ет цехы және асханасы мен қонақ үйі болмақ. 

Мал сою алаңының ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков кәсіп иелерін ашылу салтанатымен құттықтады. 

- Елбасымыз биылғы жылдың 10 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған өзінің Жолдауында елдің дамуының жақсартуда мемлекет алдындағы жаңа он міндеттерді айқындап берген болатын. Осы құжаттың үшінші міндетінде агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктері қарастырылып, ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету, шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз ету, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажеттігін атап көрсеткен болатын. 

Тәулігіне 10-15 бас ірі қара малын соятын модулдік мал сою пунктінің құрылысы өткен жылдың қараша айында басталып, қысқа мерзім ішінде пайдалануға беріліп отыр. Бұ ауыл тұрғындарының қуанышы, баршамыздың қуанышымыз. Жаңадан ашылған модульдік мал сою пунткінің жұмысы жанданып, тұрғындарға қызмет көрсетуде жаңа жетіктіктерге жете берсін, - деді аудан басшысы Абат Абайұлы. 

Жаңадан пайдалануға беріліп отырған модульді мал сою пунктінің құрылысы қараша айында басталған. Тез құралатын қабырғалардан тұрғызылған қасапханада тәулігіне 10-15 ірі қара союға болады. Ет сақтайтын тоңазытқышы және бар. «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ ұсынған 19 млн. 700 мың теңге несие алған. 

Жаңа орынның тұсауы кесіліп, келген меймандар шаруашылық тынысымен танысты. 

Ахметқали ҚАРАҒОЙШИН, «Жиенбай» ЖШС-нің басшысы: 

— Кеңес дәуірінде құрылған Жалпақтал ауылындағы еткомбинаты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмысын тоқтатқан еді. Енді міне шағын ғана мал сою алаңы бүгін өз жұмысын бастады. Елдегі ырыс-берекенің, осындай мүмкіндіктің бәрі еңбектің арқасында келеді. 

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ, "Ауыл айнасы"

http://www.auylainasy.kz/?m=20180212


Back