Шебердің қолы ортақ

         Бүгінгі таңда әркім жаңадан өз кәсібін аша алады. Мемлекет шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарға барынша қолдау көрсетеді. Шағын бизнес ауыл азаматтарының тұрақты кәсіппен айналысуын және жұмыссыздардың санын азайтуды қамтамасыз етеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы халыққа жолдауында айтты. Сондай-ақ мемлекет басшысы шағын бизнеспен айналысатындарды үш жылға дейін салықтан босату туралы да айтқан болатын. Президенттің бұл тапсырмасы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енеді.

        Еліміздегі жұмыссыз азаматтардың санын азайтып, кәсіппен айналысушылардың санын арттыру үшін 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарлама аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төмен пайызбен ауыл кәсіпкерлеріне несие беріп жатыр.

       Аталмыш Қордан несие алып, жемісті жұмыс істеп жатқан азаматтар баршылық. Солардың бірі Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында тұратын Гүлжан Қасенова деген шебер тігінші. Ол кез-келген матаны іске жаратып, түрлі үлгідегі әдемі киімдер тігіп шығарады. Шебер көйлек пен костюмнен бастап, сырт киімге дейін тігеді. Киім таңдауда кірпияз келетін жандардың өзіне көңілінен шығатын үлгіні ұсына алатын ісмерге тапсырыс беретіндер өте көп.

        «Клиенттер балалары үшін мерекелік костюмдерге тапсырыс береді. Бұл уақытты алатын қиын жұмыс, әрине. Ең бастысы балалардың көңілінен шықса болғаны. Мысалы батырдың костюмін дайындауға бір күн уақытым кетті. Бұлардан бөлек шығармашылық ұжымдары да келіп тапсырыс береді. Ел астанасынан да би ансамбльдерінің бишілерінен тапсырыс түседі»,- дейді Гүлжан Қасенова.

        Шебер үшін Бескөл ауылының клиенттері де жетіп жатыр. Киімдерін қысқарту, тігу және қайта тіктіру сияқты тапсырыстар көптеп түседі. Тігін шеберханасына күніне оннан астам клиент келеді екен. Тіпті тұрақты клиенттері бар. Онымен қоса туған-туыстары мен достарының барлығы Гүлжанның көмегіне жүгінеді. Шебер қолынан келген көмекті аямайтынын айтады. Бір сөзбен айтқанда тапсырыс көп.

       «Бағалары жақсы, тапсырысымызды жылдам әрі сапалы етіп дайындап береді. Көйлекті осында тіктіремін. Менің ойымдағыдай тігіп береді. Отбасымызбен осы шеберханаға келіп тапсырыс береміз»,-дейді Бескөл ауылының тұрғыны Ғалия Бекболатова.

         Клиенттер әсіресе оқу жылы басталар алдында көп болады. Ауыл тұрғындарының көпшілігі мектеп формасын осы жерге тіктірген. Өйткені, әр балаға жеке тігеді. Оның үстіне сапасы жақсы, бағасы да қолжетімді. Костюмдердің бағасы үш мыңнан төрт мың теңгеге дейінгі аралықта. Тігін шеберханасының директоры тігіншілік өнерді бала күнінен жақсы көрген екен. Гүлжан Қасенованың анасы тігінші болған. Бұл өнер анамнан дарыды дейді, шебер. Осы сүйікті ісін кәсібіне айналдыруды жоспарлаған тігінші Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие рәсімдеген.

        «Алты жыл бұрын «Бастау» жобасымен оқыдым. Сол жерден кәсіпкерлік негізін оқып, жеңілдігі бар шағын несие алдым. Сол кезде тігіншіге қажет құрал-жабдықтарды сатып алған болатынмын. Жақында тағы мемлекеттік қолдауды пайдаландым. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 процентпен 5 жылға 6 млн теңге несие рәсімдедім. Оған ғимарат сатып алдым. Қазір өзімнің жеке ғимаратым бар. Бұған дейін жалға алып тұрған едім»,-дейді Гүлжан Қасенова.

       Қызылжар ауданында бұдан бөлек көптеген азамат өз істерін бастау үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қолдауына ие болып отыр. Биылдың өзінде аудандағы 10 азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсіптеріне кірісіп кеткен.

       Айта кетейік, ауыл кәсіпкерлері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік», «Егінжай» деп аталатын несие өнімдері бойынша 4, 6,12 млн теңгеге дейінгі несиені 6 процентпен ала алады. Қордың кепілдік саясатына сәйкес шаруа немесе кәсіпкер кепілдікке жылжитын және жылжымайтын мүліктерін қоя алады.


Back