Қазақстанға «Сыбаға» бағдарламасымен асыл тұқымды сиырлардың алғашқы партиясы әкелінді

Жаңартылған «Сыбаға» бағдарламасымен Қазақстанға асыл тұқымды малдың алғашқы партиясы жеткізілді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жеңілдетілген несиесін алған «Қызылшоқы» шаруа қожалығы сиырларды Пермь аумағынан сатып алды. Герефорд тұқымды 75 мал басы Ақтөбе облысы Байғанин ауданына әкелінді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» биыл фермерлік шаруашылықтарды қолдауға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Несиелік қаражат ет бағытындағы тұқымды малды сатып алуға жұмсалады. Болашақта бұл табынның өнімділігін арттыруға өз әсерін тигізеді деп күтілуде. 
Ринат Ерғалиев, «Қызылшоқы» шаруа қожалығының басшысы:
- Біз Қордың несиесін бірінші рет 2016 жылы алдық. Ол кезде «Игілік» бағдарламасы бойынша 30 бас ірі қара мал сатып алғанбыз. Жеңілдетілген несиелеудің артықшылықтарына сол кезде көзіміз жетті: мөлшерлемесі төмен, мерзімі ұзақ, кепілдікке қойылатын талаптар ыңғайлы.
Шаруашылықтың қажетті құрылымы мен жайылым жерлерінің болуы етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысуға мүмкіндік берді. Биыл Қор «Кызылшоқы» шаруа қожалығының қаржыландыруға тағы бір өтінімін мақұлдап, несиелеу туралы оң шешімін шығарды. Осылай, шаруашылық Ресей Федерациясының Пермь аймағынан тұқымды сиырларды сатып әкелді.
Ринат Ерғалиев, «Қызылшоқы» шаруа қожалығының басшысы:
- 40 миллион теңгеге асыл тұқымды ірі қара мал басын сатып алдық. Тұқымды малды ұстау әлдеқайда пайдалы: ол аз уақыттың ішінде салмақ жинап, табысқа тезірек әкеледі. Бүгінгі күні сиырлар карантиннен өтіп, жайылымға шықты.
Импортталған жануарлардан алынған жас мал аймақтағы мал бордақылау алаңдарына тапсырылады. Ал бордақылаумен айналысатын шаруашылықтар, өз кезегінде, қазақстандық еттің тауарлы партияларын шетелге шығарады. Осындай бағдарламалар шаруаларға ірі қара мал етін экспорттық жүйсіне қатысуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының аграрлық салада еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерді экспортқа бағыттау көлемін 2,5 есе арттыру бойынша қойылған мақсаттары осындай шаралар арқылы орындалуда. 
Гүлжанат Ерғазина, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры:
- «Сыбаға» бағдарламасының негізгі мақсаты - фермерлік шаруашылықтарды қолдау және ет бағытындағы малды көбейтуді қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан, бағдарлама шарттарымен ірі қара малды шетелден сатып алу қарастырылған. Бүгінгі күні 37 ақтөбелік шаруашылық бізден 1600 бас ірі қара мал сатып алуға қаржы алды.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелер 70 млн. теңгеге дейін мөлшерде, төменгі пайыздық үстемемен, 15 жылға дейін мерзімге беріледі. Мемлекет тарапынан үстемені 14-тен 4 пайызға дейін төмендету, сондай-ақ шетелден сатып алынған малдың құнын төмендету үшін субсидиялар қарастырылған. 
Шаруалар асыл тұқымды малмен қатар қажетті құрал-жабдықтарды сатып ала алады, сондай-ақ ағымдағы қажеттіліктерге айналым қаражатын толықтыра алады.
Бүгінгі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 9,4 млрд. теңгеге 447 шаруашылықты қаржыландырды. Несие қаражаты есебінен 55,7 мың бас сатып алынып, 623 адам жұмыспен қамтылды.
 

Артқа