Ауылдағы 30 мыңнан астам жас маман баспаналы болды

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылды жерлерге бюджеттік салаға жұмысқа келген мамандарға тұрғын үй сатып алуға несиелеу бағдарламасының сенім білдірген өкілі (агенті) болып табылады. Қор 2010 жылдан бастап осы мақсатта 30 мыңға жуық несие бөлді.  
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы Президент бастамасымен 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Дипломы бар мамандарды ауылды жерлерге жұмысқа тарту және ауылдағы өмір сапасын көтеруге бағытталған бағдарлама жастарға мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрін ұсынады: жұмыс орындармен қатар бір жолғы ақылар төленеді және тұрғын үй салуға немесе сатып алуға төмен үстемемен несиелер беріледі.
Тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға бюджеттік несиелерді беру бойынша сенім білдірілген өкіл (агент) - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ болып табылады. 
Жалпы, бағдарлама басталғалы бері Қор арқылы 73,4 млрд. теңгеге 29 473 адамға бюджеттік несиелер берілді. Ағымдағы жылдың 8 айында 9,8 млрд. теңгеге 2 886 адам несие алып, ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосуда. 
Көш басында Қызылорда облысы тұр, бұл аймақта 3 730 несие берілген, екінші орында – Алматы облысы (3 232 несие), үшінші орында  - Батыс Қазақстан облысы  (3 111 несие). 
«Ауылдық ипотека» өзінің тиімді шарттарымен жастар арасында жоғары сұранысқа ие: ұзақ мерзім – 15 жылға дейін, төмен пайыз – жылына 0,01% ауыл тұрғындарының  жоғары қызығушылығын тудырып отыр.  
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» осындай несие алғандардың қатарында – Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауылының тұрғыны Мақпал Қанатова. Орал қаласындағы «Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық» университетің тамамдап, диплом алған Мақпал Ақжайық ауданындағы №1 мектепке жұмысқа орналасты. Мемлекеттік  бағдарлама бойынша қолдау туралы естіген жас мұғалім 2015 жылы Қордың облыстық филиалымен келісім-шартқа тұрып, бюджеттік несие алады. Несиелік қаражатқа тұрғын үй сатып алып, осы ауданда қалды. Мұғалімнің жалақысы несиені толық көлемде, уақытылы төлеуге жеткілікті. 
«Жаңадан жұмысқа тұрған маманға ешкім де несие бере бермейді, әрі мұндай төмен пайызбен үй ала алмайсың, - дейді Мақпал Қанатова. - Айына 17 мың теңге төлеймін, бұл сома ешқандай қаржылық қиыншылық туғызбайды. Қазір отбасымның қасында, туған ауылымның дамуына үлесімді қосып жатқаныма қуанамын. Жолдасым мен қызыма жаңа үй өте ұнайды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында жұмысым да, баспанам да бар», - дейді жас маман. 
Ауылды жерлерге жұмысқа келген мамандарды несиелеу бағдарламасы барлық облыстарда жүзеге асырылады. Ауылды көркейтуді, туған жерде еңбек етуді таңдаған жастар осы бағдарлама бойынша толық ақпаратты жергілікті аудандық әкімдіктерден ала алады. 
 

Артқа