«СЫБАҒАДАН» – СЫБАҒА

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қалай? Шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың ең көп түрі қайсы? Біз осы сауалдың жауабын іздеп «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» Түркістан филиалына барғанбыз.

Филиал директорының орынбасары Талғат Жанесеновтің айтуынша, бүгінгі таңда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шетелден асыл тұқымды мал әкелетіндер үшін мүмкіндік мол. Қаржының басым бөлігі де бизнестің осы түрін таңдағандарға беріледі.

– Жалпы, «Сыбаға» бағдарламасымен асыл тұқымды ірі қарадан бөлек, шаруа малға және қой бағамын деушілерге жеңілдетілген несие беріледі. Алайда, асыл тұқымды мал асырайтындарға жеңілдік көп. Яғни етті бағыттағы ірі қара малға 15 жылға дейінгі уақытқа 12 миллионнан 70 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бастапқыда сыйақы мөлшерлемесі 14 пайызбен алынатын несиенің мал әкелінген соң 10 пайызы мемлекет есебінен қайтарылады. Сонда шаруаға қалатыны бар-жоғы 4 пайыз! Сондай-ақ, алғашқы 2 жылға үзіліс бар. Демек, мал алған соң одан табыс түскенге дейін ешқандай төлем жасалмайды. Кейінгі төлемдер де жылына 2 мәрте ғана жүргізіледі. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан әрбір асыл тұқымды малға берілетін 225 мың теңге субсидия тағы бар. Айтқандай, алынған қаржының 5 миллионға дейінгісін жем-шөп алуға жұмсауға болады. Несие алу үшін кепілге жылжымайтын мүлік қойылады. Жылжымайтын мүлік бағасы алған несие құнының 25 пайызын өтесе болғаны. Қалған 75 пайызы алынған малдың есебіне кіреді, – дейді Талғат Сүгірәліұлы.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» бұл бағдарламаны жүзеге асыруды өткен жылдан бастап қолға алған. Былтыр облысқа берілген жоспар 925-ті құрауы тиіс болатын. Дегенмен, былтырғы және жыл басынан бергі есеп бойынша бұл бағдарламамен алынған малдың саны бүгінде 903-ке жетіп отыр. Биылғы жоспар – 3850!

Талғат Сүгірәліұлы республика тарапынан бекітілген жоспардың бірден бірнеше есеге көтеріліп кеткеніне алаңдаулы. Әрине, облыс мал бағуға қолайлы аймақ. Дегенмен, өңір шаруалары несие талаптарына әлі үйренісе алмай жатқан сыңайлы. Себебі, бұл кәсіппен айналысуға ниет білдіріп жатқандар әзірге тым аз. Мүмкін бұған несие талаптарының да әсері бар болар.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» етті бағытта мал өсіремін деушілерге құшағын айқара ашып отыр. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең негізгі талап – мал міндетті түрде шетелден әкелінуі тиіс. Онда да біздің аймаққа жерсінетін, санитарлық талаптарға сай жерден келуі керек. Сонымен қатар, әкелінетін мал ауру болмауы тиіс және ол жаққа да мал дәрігердің келетін жерінің эпидемиялық аймақ емес екенін растайтын анықтамасы апарылады. Яғни мал бағылатын жер мен жүретін жолы, тасымал бағыты сызылып, шығын түрлері көрсетіледі. «Әр малға норматив бар. Мәселен, сиыр бағу үшін шаруаның иелігінде кемі 3 гектар жайылым жері болуы тиіс. Алайда, біздегі шаруалардың көбісінің бұған мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті орман қоры жерін уақытша пайдалану үшін олармен келісімшартқа тұрып, сол құжатты өткізіп жүр. Бұл да тиісті талаптың біріне жатады» дейді директордың орынбасары.

Жалпы, мал аламын деушілер интернет арқылы эпидемиялық аймаққа жатпайтын, тек базаға енген шет мемлекеттерден екпе жасалынып, сатылатын мал іздейді. Осылайша таңдаған малының бағасын, әкететін уақытын иесімен келіседі. Бұл деректердің барлығы да несие алушының өтінішінде көрсетілуі керек. Аталған қажетті құжаттардың барлығы талапқа сай келгенде оны мамандар қабылдап алады да, несие алушының қолына талон береді. Талонда құжаттары қанша күнде қаралатыны, қай күні кімге баруы керектігі түгел жазылады. Шаруа талонға қол жеткізген соң бір айдың көлемінде жеңілдетілген несиені ала алады. Несие алғаннан кейін шаруа 90 күннің ішінде келісімшартта көрсетілген жолмен малды әкелуі керек. Мұндағы мамандар оны базаға енгізіп, құжатын алып, жылына екі рет тексеріп отырады.

Қор мамандарының айтуынша, өткен жылы Чехия, Ресей мемлекеттерінен, әсіресе Алтай өңірінен асыл тұқымды мал көбірек әкелінген. Себебі, Алтай өңірінің климаты біздің Оңтүстікке ұқсайды. Ол жақтың малдары мұнда тез жерсінеді.

Міне, бүгінгі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» негізінен асыл тұқымды малға басымдық беріп отыр. Бұдан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын 4-12 миллион теңгеге дейін шағын несиемен несиелендіреді.

«Бұл бағдарламаға жұмыссыз ретінде тіркеліп, кәсіпкерлік мектебінде «Бизнес бастау» сабағынан дәріс алып, сертификатқа қол жеткізгендер қатыса алады. Олар бизнес-жоспарын қорғап болған соң ғана бізге жіберіледі. Оларға сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызбен 7 жылға дейін шағын несие беріледі. Ол қаржыға кез келген кәсіп ашуға болады. Оның ішінде арнайы техникалар, трактор, жүк машинасы және жолаушылар тасымалдайтын «Спринтер» көлігін де алып жатқандар бар. Алайда, біз клиенттерге негізінен «Сыбаға» бағдарламасымен мал алуды ұсынамыз» дейді Талғат Сүгірәліұлы.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan»

http://okg.kz/article/?id=16711&alias=%C2%ABsybagadan%C2%BB-%E2%80%93-sybaga


Back